Get In Touch

9 жасар қызды зорлаған ер адамға Абай облысының соты ең қатаң үкім шығарды



Абай облысының соты кәмелетке толмаған көрші қыз баланы зорлағаны үшін ең қатаң үкім шығарды.


Өткен жылы көршісі 9 жасар қызды зорлап кетті деген ақпарат тарап, халықты дүр сілкіндірген еді. Барлық тергеу амалдары жүргізілгеннен кейін, сот айыпталушыны кінәлі деп тапты.


"Үкім бойынша А.М. Мырзахметов ҚР ҚК-нің 120 бабының 4 бөлігімен, 121 бабының 4 бөлігімен кінәлі деп танылған. Оған педагогикалық және кәмелетке толмағандармен байланысты лауазымдарды атқаруға өмір бойы тыйым салынып, ҚР ҚК 58-бабының 4 бөлігі негізінде 25 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеу белгіленген", — деді Абай облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Назгуля Абдуалиева.



Сотталған азамат тағайындалған жазаның 5 жыл мерзімін қылмыстық-атқару жүйесінің толық қауіпсіздік мекемесінде, қалған мерзімін максималды қауіпсіздік мекемесінде өтейді.


Істі қараған судья, сотталған А. Мырзахметовтен жәбірленушінің заңды өкілінің пайдасына 10 млн теңге моральдық залал өндіруге де үкім шығарды.


Аталған іске қатысты үкім заңды күшіне енді.


Назгуля Абдуалиеваның айтуынша Абай облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сотында жыл басынан бері жоғарыда аталған факті бойынша үш іс қаралды.


Айта кетейік, заңға енген соңғы өзгерістерге сәйкес, баланы зорлағаны үшін сотталғандардың жазасы енді кешірілмейді.


Сурет: ашық дереккөздерден, автордікі