Get In Touch

Қарағанды облысында екі қабатты үй опырылып, адамдар үйінді астында қалып қойды

Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданында жарылыс болып, оған шыдамаған тұрғын үй опырылып қалды. Үйінді астында әлі де адамдар бар.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Қазақпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.

30 қаңтар түнгі 00.07 шамасында Бұқар жырау ауданы Ботақара кенті Әуезов көшесіндегі қосқабатты 12 пәтерлі үйде жарылыс болғаны хабарланған.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Қатпанов алдын ала болжам бойынша тұрмыстық газ баллоны жарылған дейді.

Кейіннен екінші қабат жартылай опырылған.

Өрт шықпаған.

«Опырылған аумақ анықталып жатыр. Біздің болжам бойынша, үйінді астында адамдар бар. Жергілікті жерде штаб ұйымдастырылған. Оқиға орнында 45 адам және 13 техника жұмыс істеп жатыр», — дейді Мұрат Қатпанов.

Қазіргі уақытта үйінді астынан 6 адам шығарылып, Ботақара кентінің орталық ауруханасына жеткізілді.

Басқа адамдарды іздеу жұмысы жалғасып жатыр.