Get In Touch

Семейлік полиция қызметкері қайырымдылығымен танылуда



Қарағайлы ауданының учаскелік полиция инспекторы Дулат Абдрахмановты тұрғындар жақсы таниды. Қызметтік міндетін абыроймен атқарып жүрген аға лейтенант, мұқтаж жандарға көмегін аямайды, дейді тұрғындар.


Полиция аға лейтенанты Дулат Абдрахманов ішкі істер органдарында 2010 жылдан бері қызмет етіп келеді. Алғашқы еңбек жолын патрульдік полиция батальонының инспекторы қызметінен бастады. 2019 жылы Затон полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы лауазымына тағайындалып, қазіргі күнге дейін сол жерде қызмет етуде.


2020 жылы Қарағайлы ықшам ауданында полиция пункті ашылды. Жаңа аудан, жаңа аумақ, жаңа адамдар... Тәртіп сақшыларына жауапты іс жүктелді. 2019 жылы Дулат Абдрахманов қаланың үздік полиция инспекторланың бірі болды. Сондықтан, жаңа ауданға қызметке аға лейтенант Абдрахманов жіберілді.


Сол уақыттан бері үш жыл өтті. Қысқа уақыттың ішінде тәртіп сақшысы тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, олардың сеніміне ие бола алды.


"Хабарласқанда бірден келіп, заң жүзінде біздің құқығымызды түсіндіріп қана қоймай, қосымша көмек көрсетуге тырысады. Полиция пункті біздің үйіміздің ауласында орналасқан. Учаскелік инспекторымыз бірлескен сенбілік өткізуге шақырып, қыста ауланы қардан тазартуға көмектеседі", — дейді аудан тұрғыны Әсем Хасенова.



Учаскелік полиция инспекторы әріптестерімен бірге өз аумағына қарасты тұрғындарға қайрымдылық көмек көрсетеді екен. Бірақ, бұл жайында көп айтпайды. Аудан тұрғынының бірі, көпбалалы отбасының кенже қызына ота жасау қажет болды. Бұл жағдайды білген учаскелік инспектор қолынан келгенше көмегін аяған жоқ деп, бүлдіршіннің анасы алғысын білдірді.


"Наурыз айының ортасында өзі қызмет ететін ықшам ауданда отбасылық жанжал болып жатқаны туралы қоңырау түседі. Оқиға орнына барған тәртіп сақшысы күйеуіне арнайы қорғау нұсқамасын шығарып, жәбірленушімен сөйлескен сәтте отағасының жұмыссыз, ал сәбиінің науқас екенін біледі. Бұны біліп, бей-жай қалмаған Дулат ықшам аудан тұрғындарына арнап ашылған Whats app әлеуметтік желісіндегі арнайы топтағы адамдардан көмек сұрап, көпбалалы отбасының кенже баласының отасына қажетті 600 мың қаражаттың 120 000 теңгеден астамын жинап береді. Отбасылық ұрыстың басты проблемасы ақша мәселесі екенін түсінген Дулат отағасына бос жұмыс орындарын іздестіріп, бір мекеменің күзетшісі етіп орналастырады. Мұнымен қоса Жаңа жыл қарсаңында 5 бала тәрбиелеп отырған аз қамтылған отбасының балаларына жаңа жыл қарсаңында мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында шағын тәттілерін ұсанып, балалар ойнайтын алаңға алып барды", — деп айтып берді Семей қаласының ПБ баспасөз қызметінде.



Мінсіз қызметі үшін полиция аға лейтенанты Дулат Абдрахманов "Қалаға қосқан үлесі үшін" медалімен марапатталды.



"Бұл салада тәуілік бойы қызметке дайын болуың керек. Түрлі жағдайлар болады. Кейде шақыртуға барғанда масаң күйдегі азаматтар ұрысып, төбелес шығарады. Мұндай жағдайларда заңнамадан таймай қызметімізді жалғастырып, өз абыройымызды түсірмеуге тырысамыз", — дейді Дулат Абдрахманов.



Өмірінің басым бөлігі қызметте өтіп жатса да, Дулат жақсы отағасы, екі бүлдіршінді тәрбиелеп отырған ардақты әке бола алды.


Учаскелік полиция инспекторы осы саланың "қара нары" іспетті деген тұжырымдама бар. Себебі, көршілердің айқай-шуынан бастап, адам өлімі болған жағдайда бірінші болып келетін тағы да учаскелік инспектор.


Айта кетерлігі, Семей қаласы Полиция басқармасында мыңға жуық тәртіп сақшысы түрлі бағытта қызмет етуде. Оның ішінде Криминалдық полиция бөлімі, тергеу, анықтау, жергілікті полиция қызметі, әкімшілік полиция, көші-қон, кинология және тағы басқа бөлімдер бар.


Махаббат РИЗА


Сурет: Семей қаласы ПБ баспасөз қызметі, жеке мұрағаттан