Алматы үйлерінің шамы
Астаналық шебер балалық шақтың естелігін еске түсірумен айналысады
Айдос Омаров 15 жыл қаржыгер-аудитор болып табысты еңбек етіп келіп, бір сәтте жұмысты тастайды. Қазір оның Avashka деп аталатын шеберханасы бар. Алматының тұрғын үйлері мен «Қазақстан» қонақүйі кейпіндегі шырағдандар жасаумен айналысады. Бұл бұйымдары туған қаласын аңсаған адамдардың арқасында ел ішіне және бүкіл әлемге тарап жатыр.
Омаров Астана маңындағы Қорғалжың тасжолы бойындағы цехына алып барды. Пішіндер, бояулар, қапшықтар, станоктар мен конструкциялар қойылған стеллаждар толып тұр. Кішігірім жапсарлас бөлменің төрттен бір бөлігін станок алып тұр, диван мен үстел қойылған. Үстелде YouTube қосылған ноутбук, лупа, бояулар және шереден жасалған ұсақ-түйек салынған көп қорапша тұр.
«Үй осылай құрастырылады, әр терезені кейін бөлек қойып, желімдеймін. Ішке сәл кіріп тұруы үшін дұрыс желімдей білу керек. Күні бойы осылай жынды адамдай жалғыз отырамын, қабаттастырып Youtube немесе хоккей қосып қоямын», — деп күлді Айдос.
Айдос Омаров мұғалімдер отбасынан шыққан, ата-анасы — суретші. 90-жылдары мұғалімдердің айлығы аз болды, банкте істеу «мықты» көрінетін, сондықтан Айдос қаржыгерлікті оқыды. 15 жыл БТА, Халық, Цесна банк сияқты қаржы ұйымдарында істеді, алаяқтық пен ақша жымқыру бойынша маман болды. Мансабы алға басты, басқарма басшысына дейін көтерілді, алайда, қанында бар шығармашылық маза бермеді. Ақыры 2015 жылы бәрін тастап, жұмыстан кетті.
«Жұмыстан шығып кеткен соң фирма ашып, сыртқы конструкциялар жасай бастадым. Мысалы, «Барыста» бұрын картон фигура тұрды, мен оларға қоңырау шалып, олардың маскоты — Барысты жасап беруді ұсындым. Мүсінді ашылу кезінде сыйға тарттым», — деп еске алды Айдос.
«Avashka» ЖК осылай дами бастады. Айтпақшы, фирманың атауына әкесінің лақап атын таңдап алды. Бәрін үйреткен әкесінің портреті оған деген құрметі ретінде логотипте тұр. Кейін Айдос кішігірім бұйымдар жасамақ болып, гипспен жұмыс істей бастады. ЛРТ тірегі мен «Қазақстан» қонақүйі түріндегі ақша салғыштар жасады. Бір жағынан, бұл жұмыстың өзіндік құны төмен, екінші жағынан жарамай қалатыны көп. Сөйтіп жүріп жаңа ермек тапты — шереден бұйым жасайтын станок сатып алды.
Бастапқыда станоктың тілін де түсінбейтін.
Айдос Омаров Алматыда туып-өскендіктен, туған қаласын сағынатын. Осындай шырағдан түрлерін Ресейден көрді, оның бөлшектері басқа болатын, «хрущевкалар» еді. Бірақ соның арқасында Алматы үй құрылысы комбинатының атақты тоғыз қабатты үйлер кейпіндегі шырағдандарын жасау идеясы келді.
«Осылай қарапайым заттардан бастап шырағданға — тоғыз қабатты үйлерге дейін өстім және кәсібім жақсы жүріп кетті. Неліктен дәл осы нұсқаны таңдадым десеңіз, асүйі бес шаршы метрлік «хрущевкалардан» кейін осындай үйлер пайда болғанда УАУ дегізген еді! Бұл үйлер әдемі, бір-біріне ұқсамайды, қасбеті әртүрлі, жоспарлануы керемет болды. Көңіліме жаққаннан кейін осыны құрастырғым келді», — деп түсіндірді шебер. Ол әр әрекетінен кейін түпнұсқаға жақындай түскенін, конструкциясын қиындатқанын айтты.
Цехтың жұмысын жолға қоюмен және үйренумен айналыса жүріп, келіншегі мен балаларын да асырау қажет болды. Сондықтан үйрену мен эксперименттен бос уақытында Айдос такси қызметіне шықты.
«Ата-анам микроавтобус сатып алуға көмектесті. Цехқа да керек болды, жекеменшік жүк тасу қызметімен де айналыстым. Әйелім декретте еді, тасымалмен жақсы табыс табуға да болар еді. Бірақ мен шығармашылықпен табыс тапқым келді», — дейді Айдос.
Біртіндеп нәтиже көріне бастады. Алматының тоғыз қабат үйлері көзге түсті. Қазір Дінмұхамед Қонаевтың портреті бар үйлер танымал, көбінесе соны жасауға тапсырыс келеді. Батырхан Шүкенов, Геннадий Головкиннің суреті салынған үйлер бар. Кейбір тапсырыс берушілер бірегей дизайндағы фотосуреттер жіберіп, соны қайталауды немесе үйдің мекенжайын қосуды сұрайды.
«Бұл үйлер әлдебір қарсылықтың бір бөлігі секілді. Оның сыртына тентектер небір жазу жазып кетеді. Болмаса, міне — «Шындықтан қашып құтылмайсың» деген атақты плакат, мынау — Назарбаевқа ұқсас танымал смайл. Ал мына үйді Швецияға жіберемін. Тапсырыс беруші — алматылық, Швецияға көшіп кеткен, бірақ қаланы, үйін сағынады. Мына үй Стокгольмге, Қонаевтың суреті салынған екеуі Алматыға аттанады, сол жақтан Санкт-Петербургтегі алматылықтарға кетеді», — дейді ол.
Айдос бір күнде бірнеше үй құрастыра алады. Ол үшін дайындық керек, себебі станоктан қасбет пен бөлшектерін ойып шығарудан бөлек, алдымен бояп алуды, сосын кептіруді, содан кейін барып жинауды қажет ететін ұсақ бөлшегі өте көп. Жұмыс төзімділікті және ден қоюды қажет етеді. Өйткені бір епсіз қимылдың кесірінен конструкция қирап қалуы мүмкін. Әр терезе, әр кондиционер, әр бөлшек бөлек желімделеді.
Үйдің ішінде жарықты қосып-сөндіруге болатын батареясы бар. Нәтижесінде — кешкі мезгілде біреуінің терезесінде өмір қайнап жататын, біреуінде ұйықтап жататын, ал біреуінде әлі жұмыстан ешкім келмеген көріністі тамашалауға болатын Алматының тоғыз қабатты үйлері секілді нағыз үй пайда болады.
«Бастапқыда ішкі жағынан жай сары плёнка жабыстырып жүрдім, сосын үй эволюцияға ұшырады. Витраж қағазды кестім, ол жарықты жақсы өткізу үшін калькаға жабыстырылған, терезелер осылайша түрлі түске енді. Сосын калькаға сурет салуға болатынын түсіндім. Түрлі түсті фломастерлер сатып алдым, панель желімделгенде түрлі түспен терезелерді боядым. Шамы жанатын терезелерді түрлі түспен, жанбайтынын қарамен боядым — бұл үйде ешкім жоқ кездегідей әсер береді», — дейді Айдос.
Алматының шырағдан-үйлері, шебердің айтуынша, көпшілікке ұнады және сұранысқа ие. Бір кіреберісі бар үйлер арзандау, екі кіреберіс болса — қымбаттау. Сонымен қатар ол «Қазақстан» қонақүйі кейпіндегі шырағданға тапсырыс алады, бірақ оны құрастыру біраз қиын. Кейде жеке тапсырыстар бойынша жұмыс орындайды, мысалы, енді салынып жатқан үлкен қонақүй. Бірақ бұларды сирек жасайды, өйткені негізгі тапсырыстарға уақыт жетпей қалады. Жаңа жыл алдындағы тапсырыстан да сол себептен бас тартты — бір танымал қонақүйдің кейпіндегі 50 шырағдан жасауға ұсыныс түскен. Ертерек хабарласқанда алып қалар ма едім дейді. Шебер өнімдер қатарын кеңейткісі келіп, Астананың бір танымал ғимаратын қосуды ойлап жүр. Әзірге қайсын таңдарын білмейді.
«Ойыма келетіні — «Хан Шатыр», сызбасын есептеп, пішінін ойластыру керек. Бәйтеректі таңдамайтыным анық, өйткені оның бөлшегі көп әрі осал болады, оның үстіне ол көп жерде сатылып тұр. ЛРТ туралы ойладым, бірақ ойыма тірек түріндегі ақша салғыш қана келді. Алматыда бәрі білетін «Қазақстан» қонақүйі секілді символ бар, ал Астана туралы ойға ештеңе келмейді. Сауда орталықтары көріксіз сияқты. «Хан Шатыр» ғана өзгешеленіп тұрады, бірақ оны жасау қиын», — деп түйді Айдос.
Айдос әрбір жаңа өнімін үйге әкеліп, әйелінен, бірі алты, екіншісі үш жастағы екі қызынан пікір сұрап, бірге сынап көреді. Отбасы оны барлық жағынан қолдайды.
«Бірге отырып көреміз, күлеміз, бірдеңе ойлап табамыз, кейде әйелім кеңес береді. Барлық жағынан қолдайды. Содан да мазасызданбай, отырып желімдеймін, жасаймын…» — деп күлді шебер.
Цехта көршілер болмас үшін үй-жайдың екінші бөлігін сатып алуға Айдосқа ағасы көмектесті. Ол жақта әзірге ештеңе жоқ. Бірақ жігіт өндірісін кеңейтуді, үй-жайдың бір жағында туындыларын жасап, екінші жағында жары жетекшілік ететін сату кеңсесін, ал үшінші жағында көршілес үйлерде тұратын балаларға арналған студия ашуды армандайды. Айдос «коммерциялық мақсатты көздемеймін, балалар шығармашылықты білгенін, жақындарына сыйлық жасап үйренгенін қалаймын» деп ағынан жарылды.
Власть — это независимое медиа в Казахстане.
Поддержите журналистику, которой доверяют.
Мы верим, что справедливое общество невозможно построить без независимой журналистики и достоверной информации. Наша редакция работает над тем чтобы правда была доступна для наших читателей на фоне большой волны фейков, манипуляций и пропаганды. Поддержите Власть.
Поддержать Власть