Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында 100-ден астам жүк көлігі өте алмай тұр
Түркістан облысындағы Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында 100-ден аса жүк көлігі кептеліп тұр.
Аlmaty.tv ақпараты бойынша Түркістан облысы "Қазығұрт" кеден бекетінде шақырымдап созылған кезекте Өзбекстанға бет алған жүк көлігінің жүргізушілері тұр. Жолда қалғандардың Қазақстаннан шыға алмай жатқанына бірнеше тәулік болған. Олардың айтуынша, кептеліс тек күндіз ғана жылжиды.
"Бұл жерде кешеден бері тұрмыз. Ең көп дегенде 200 метрге жылжыған шығармыз. Кезек күндіз аз-маз жылжиды. Ал кешке мүлдем қимылсыз. Себебі кешке тек ақша бергендерді өткізеді. Бізге дәл солай істеуге болады, бірақ басқаларды сыйлау керек қой", дейді жүк көлігінің жүргізушісі Бақыт Жиенбаев
Кедендегі кептеліс себебін жергілікті шекара мамандары түсіндіруге тырысқан. Олардың айтуынша, бұл кезек "Қапланбек" бекеті жөндеуге жабылғанынан кейін басталған. Содан бері жолаушылар қалған үш бағытқа жол тартқан. Соның бірі — осы "Қазығұрт".
"Бұл — қалыпты жағдай. Жүк көліктерінің қатары жыл санап артып барады. Мемлекеттік кірістер органдарымен қажетті іс-шаралар жасалып жатыр. Қазір қос тарап келісімге келіп, жұмыс қарқынын күшейтіп жатыр", деп айтты мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Айдос Қадырбердиев
Департамент өкілдері бұған дейін дәл осы "Қазығұрт" кеден бекетінен күніне тек 10 жүк көлігінің өтіп келгенін айтады. Қазір жұмыс күшейіп, тәулігіне 250-ге көбейген. Айта кетейік, кептеліс осыдан жарты жыл бұрын пайда болған. Ал "Қапланбектің" қашан ашылары әзірше белгісіз.
Сурет: almaty.tv