Get In Touch

Абай гарнизонының әскерилері дене даярлығы байқауында шеберліктерін көрсетуде



Абай өңірлік гарнизонының әскери қызметшілері дене шынықтыру дайындығын үздік ұйымдастыруға арналған байқауға қатысуда.


Жеке құрамның дене дайындық деңгейімен қатар құжаттаманы жүргізу тәртібі, оқу-жаттығу және спорттық даярлық жағдайын бағалау үшін Бас штабтың жауынгерлік даярлық департаменті дене даярлау басқармасының аға офицерлері майор Олжас Сердалиев пен подполковник Серік Давлеталиев спорттық шараға арнайы қатысты.


Дайындық деңгейі физикалық жылдамдық, күш және төзімділік қасиеттерімен сарапталды. Әскери қызметшілердің жылдамдығы жүгірумен қатар кедергілерден өту жаттығуларында сыналса, алып күштің әлеуеті 24 келі гір тасын жұлқа көтеруде айдан-анық белгілі болы. Әскери қызметшілердің болаттай берік, темірдей төзімділігі автоматпен 1 ​​км, 3 км және 5 км маршқа жүгіруде бағаланды. Бұл жаттығулардан кейін барлық әскери қызметшілер қоян-қолтық ұрыс элементтерін көрсетуге білек сыбанды.







- Дене шынықтыруды үздік ұйымдастыруға арналған бұл байқау жыл сайын өткізіліп келеді және әскери қызметкерлердің дене дайындығының деңгейін арттыруға септігін тигізеді. Әскери қызметшілердің спортпен белсенді айналысып, шын мәнінде үздік екендіктерін дәлелдеуге үлес қосып жүргенін дәл осындай шаралардан анық байқауға болады, – дейді жауынгерлік даярлық департаменті дене шынықтыру бөлімінің аға офицері майор Олжас Сердалиев.



Еске салайық, байқауға нәзік жанды әскери қызметшілер де қатысып, ерлермен тең дәрежеде өнер көрсете білді. Жарыс қыркүйек айына дейін жалғасады. Сайыс нәтижесі бойынша қыркүйек айының соңына дейін дене шынықтыру дайындығын үздің ұйымдастырған бөлімшелер анықталып, жеті аталым бойынша марапатталады.


Сурет: "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі