Get In Touch

Полицейлер алматылықтарға алаяқтар көбейгенін ескертті

Полицейлер алматылықтарға алаяқтар көбейгенін ескертті

2023 жылғы 12 қазан күні қалалық полиция департаменті алаяқтардың белсенділігі артып келе жатқанын айтып, қала тұрғындарын әркімге сене бермеуге әрі қырағы болуға шақырды.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Полицейлер күн өткен сайын қылмыстың да түрі көбейіп келе жатқанын мәлімдеді.

"Бүгінгі таңда әркім өзінің жеке деректерінің ақпараттық қауіпсіздігі туралы біле бермейді, соның салдарынан олар оны сақтамайды".Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Дидар Аханов

Осыған байланысты полиция өкілі ең танымал алаяқтық тізбектерін санамалап берді. Олар:

  1. Қарт адамдарға қатысты алаяқтық. Олар жәбірленушілердің үй телефондарына қоңырау шалу арқылы іске асырылады: алаяқтар өзін жақын туыстары (ұлы, қызы, немерелері) ретінде таныстырып, оқыс туындаған жағдайды шешу үшін ақша аудару қажет екенін хабарлайды. Көбінесе жол-көлік оқиғалары туралы айтып хабарласады. Бұл жағдайда әңгімені өзіңіз үзген дұрыс.
  2. Үлкен дивидендтер уәде ететін онлайн жобаларға ақшалай қаражат салу. Әдетте, азаматтарды криптовалюталарға, акцияларға, бағалы металлдарға ақша салуға көндіреді және олар әртүрлі елдердегі абоненттік нөмірлерден қоңырау шалып, инвестициялаудың артықшылықтары туралы сенімді түрде айтады. Компанияның беделін алдын ала тексеріңіз.
  3. Банктен қоңырау шалу. Абонент өзін банктің қауіпсіздік қызметкері ретінде таныстырады және үшінші тұлға сіздің атыңыздан несие алуға әрекет жасағанын хабарлайды. Есіңізде болсын! Банк қызметкерлері ешқашан сіздің картаңыз туралы ақпаратты сұрамайды, сондай-ақ ұялы телефоныңызға жіберілген кіру кодтарын талап етпейді. Мұндай жағдайларда телефонмен сөйлесуді тоқтатып, банк картасында немесе банк сайтында көрсетілген сенімді нөмірге қайта қоңырау шалу керек.

Сондай-ақ полицейлер назар аударатын маңызды жайттарға тоқталды.

"Әртүрлі "мессенджерлер" мен әлеуметтік желілер арқылы сізге жіберілетін күмәнді сілтемелерге кірмеңіз және әртүрлі сайттарға банк картаңыздың деректемелерін енгізбеңіз, себебі бұл вирустық файлдар мен жеке ақпаратыңызды жинауға арналған қосымшалар болуы мүмкін, болашақта банк картаңыздан рұқсатсыз төлемдер үшін пайдаланылады және қаскөйлерге мобильді банкингтегі қаражатыңызды иемденіп алуға мүмкіндік береді".Алматы қалалық полиция департаменті баспасөз қызметі